Қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда дәстүрлі түрде Отбасы күні атап өтіледі. Отбасы күні- салыстырмалы түрде жаңа мереке, ол ресми түрде 2013 жылы белгіленіп, қазіргі кезде кеңінен таралып, тойлана бастады.
Бүгін мен отбасылық бақыттың сырын білу үшін көп балалы әке, бақытты отағасымен кездесуді шештім.
Менің репортажымның кейіпкері шеберлер арасында самбодан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, самбодан Азия чемпионы, шеберлер арасында еркін күрестен ҚР чемпионы, республикалық, облыстық және аудандық турнирлердің жеңімпазы Жәнібек Әлікейұлы.
- Жәнібек, отбасыңыз туралы айтып беріңізші, олар немен айналысады?
- Жұбайым Нұргүлмен бірге 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызымыз Алуа биыл 11 сыныпты қызыл аттестатқа бітіріп, “Алтын белгі” иегері атанды. Онымен қоса, Көкшетау педагогикалық институтына грантқа түсті. Ұлым Марғұлан менің жолымды қуып, спортпен кәсіби түрде айналысады. Марғұлан Есіл БЖСМ-де еркін күреспен айналысып, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері, еркін күрестен спорт шеберіне кандидат атанды. Республикалық дарынды балаларға арналған Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиядалық резервтер дайындау мектеп интернатына конкурстан өтіп оқуға қабылданды.
Айзере атты қызым Есіл қаласындағы №3 мектепте бастауыш сыныптарда оқиды. Ең кіші қызымыз биыл 2 жасқа толды. Жұбайым екеуміз көп жылдар бойы мұғалім болып қызмет атқарып келеміз. Мен дене шынықтыру пәнінен, ал Нұргүл тарих пәнінен сабақ береді.
- Жәнібек сіздердің отбасы құрғандарыңызға 19 жыл, сіз үшін бақыт деген не?
- Бұл сұрақ өте қарапайым болып көрінгенмен, мені ойландырып та қойды. Оның жауабы қарапайым әрі жай болғанмен, өте ауқымды. Өйткені, бақыт мен үшін менің отбасым деп айту артық айтқандық емес. Туылғаннан бастап отбасы өміріне нәр береді, менің отбасымның қасымда табылмаған сәттері болған емес.
Бүгінгі таңда Мен өте бақыттымын: менің өміріме қажетті нәрселердің барлығы да бар - достарым, жақсы ұжым, ең бастысы - сүйіспеншілікке толы отбасым. Менің бақытымның кілті- отбасым, олар қасымда болса, мен әр кез бақытты бола аламын. Мен үшін бақыт- барлық туыстарым мен жақындарымның амандығы. Отбасымызбен кешкі аста жиналып, демалыс күндері саябақта серуендеп немесе ата-анамызға барғанымыздың өзі бір бақыт, бір ғанибет. Мен өзімді бақытты сезінемін және әр күніме қуанамын. Әрине, қайғы мен жамандыққа да орын бар, бірақ мен өмірге оптимистік көзқараспен қараймын.
- Сіз үшін нағыз отбасы деген не?
- Нағыз отбасы деген тек туыс болу ғана емес. Бұл бір-біріне деген ерекше қатынас, махаббат, өзара құрмет пен көмек. Бұл әр адамның отбасындағы өзіндік ерекшелігі мен орны. Бұл әженің ертегілері мен дәмді тоқаштары, бұл ананың қамқорлығы, әкенің көмегі мен назары. Адамдардың барлығы бақытты отбасын армандайды. Бірақ отбасының бақыты өзімізге, оған күш салуға қаншалықты дайын екенімізге байланысты. Өйткені, бұл күнделікті мәселелерді үнемі бірге шешуге мәжбүр болатын әртүрлі ұрпақтар мен көзқарастар арасындағы жеке қатынастар. Әрине, ұрыс пен келіспеушіліктер де бар. Бірақ менің ойымша, ең бастысы - бір-біріне деген құрмет болу керек.
- Осы тамаша мерекеде жас отбасыларға не тілер едіңіз?
- Жақын адамдар - бұл тағдырдың сыйы деп біліп, осы сыйды бағалай алуымыз керек. Ал отбасы - мына өмірдегі біздің сенімді панамыз. Әрқайсымыз өз отбасымыздың бақытына өз үлесімізді қосуымыз керек.
Баршаңызды Отбасы күнімен құттықтаймын және ең бастысы отбасылық бақыт пен махаббат тілеймін!
Ж. Тен, Есіл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы